Хиросима Қазақстанның ядролық қаруға қарсы халықаралық бастамаларын жоғары бағалайды - СІМ

Жүздесуде тараптар Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылатын және Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған шараларға жапон делегациясының қатысу мәселесін талқылады.
Әңгіме барысында губернатор Х.Юзаки қазақстандық тарапты Хиросимада атқарылып жатқан ірі халықаралық жұмыстарға белсенді араласып, қолдау көрсеткені үшін ризашылығын жеткізді. Ол сонымен қатар, Қазақстанмен бірге қарусыздану төңірегіндегі тығыз байланыстарды одан әрі дамытуға зор сенім білдірді.
Ал Хиросима қаласының басшысы әрі «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық қозғалысының жетекшісі К.Мацуи ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы Қазақстанның және тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық рөлін жоғары бағалады. «Хиросима халқы Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құруға талпынған жаһандық бастамаларын өте жақсы біледі. Біз бұл жаһандық бастамаға аса құрметпен қарап, оның толық қолдаушысы болып табыламыз», деді К. Мацуи.