Хоккей: «Барыс» алтыншы рет қатарынан жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Спартак» (Мәскеу) командасына қарсы өткізді.

Кездесу барысында алғашқы кезеңде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде ресейлік команда қатарынан үш шайба соғып кетті. Оны Адам Ружичка 21, Ансель Галимов 28, Александр Беляев 33-минутта өздерінің еншісіне жазды.
Елордалық команда үшінші кезеңде қатарынан екі шайба соғып, есеп айырмасын қысқартты. Олардың қатарынан Антон Бурдасов 46, Әлихан Өмірбеков 47-минутта мергендік танытты.
Ойынның бітуіне санаулы секундтар қалғанда ресейлік клубтан Даниил Орлов қорытынды есепті белгіледі.
Қазақстандық команда бүгінгі кездесуде қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді.

Айта кетсек, елордалық клуб осылайша қатарынан алтыншы мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.
Екі команда бұған дейін 32 мәрте кездескен. Оның 14-i елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында ресейлік команда жеңіске жеткен.
Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі бес ойынын қатарынан сырт айдында өткізеді. Алдымен 6 желтоқсанда Реесйде «Северсталь» (Череповец), 8 желтоқсанда СКА (Санкт-Петербург) командасымен кездессе, одан кейін 17 желтоқсанда «Динамо» (Мәскеу), 19 желтоқсанда қытайлық «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің), 21 желтоқсанда «Трактор» (Челябі) клубтарымен шеберлік байқасады.

