Хоккей: «Барыс» үшінші жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Авангард» (Омбы) командасына қарсы өткізді.
Елордалық клуб жаңа маусымда он төрт ойынның он екісінде жеңілістің ащы дәмін татты.
Сондай-ақ, кейінгі бес кездесудің бірде-бірінде жеңіске жете алмай келеді. Осының салдарынан турнир кестесінде соңғы орынды місе тұтып тұр.
Айта кетерлігі, екі команда арасындағы соңғы үш кездесуде елордалық клуб қарсыласына есе жіберіп қойған еді.
Алғашқы минуттан алға қарай ұмтылған «Барыс» ресейлік клуб қақпасынан 14-минутта саңылау тапты. Әріптестері Натан Больё мен Антон Бурдасовтың берген пасын Даниил Апальков голға айналдыра білді.
Екінші және үшінші кезеңде қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Осылайша «Барыс» 1:0 есебімен басым түсіп, қатарынан бес жеңілістен кейін алғаш рет қарсыласын қапы қалдырды.
Айта кетсек, екі команда бұған дейін 78 мәрте кездескен. Оның 26-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында ресейлік команда жеңіске жеткен.
Енді қазақстандық команда бұдан кейінгі тағы бір ойынын елордада өткізіп, 16 қазанда «Салават Юлаев» (Уфа) клубымен шеберлік байқасады.