Хоккей: «Барыс» елордада «Авангардтан» басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Авангард» (Омбы) клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккей: «Барыс» елордада «Авангардтан» басым түсті

Бүгінгі кездесуді елордалық хоккейшілер белсенді бастады. Қарсыластар қақпасы маңында шабуыл ұйымдастырып, есеп ашуға ұмтылды.

Ойынның 17-минутта «Барыс» хоккейшісі Ансар Шайхмедденов есеп ашса, 35-минутта Энтони Луис есепті үстемелей түсті.

Бұдан кейін «Авангард» сапынан Владимир Ткачёв 39-минутта мергендік танытты.

Үшінші кезеңде елордалық командадан Иван Мищенко 43, Лиден Вей 44-минуттарда басымдықты арттыра түсті.

Ресейлік командадан Сергей Толчинский 45, Владимир Брюквин 50-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ойынның 58-минутында Энтони Луис өзінің екінші шайбасын соқты. Нәтижесінде елоралық клуб қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, енді «Барыс» 16 қыркүйекте «Авангардпен» тағы бір мәрте ойын өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Трактор» командасынан басым түсті.

Сондай-ақ, елордалық клуб оған дейін төрт ойында қарсыластарына есе жіберіп қойды.







Фото: sports.kz