Хоккей: «Барыс» Ресейде «Трактор» командасынан басым түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін Ресейде «Трактор» (Челябі) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнир кестесінде командалар қатарлас келеді. Плей-офф сатысына шығуға екеуі де үміткер. Сондықтан командалар жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық еді.

Алғашқы кезеңде командалар бір-бірінің қақпасына жиі шабуылдады. Десе де таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Елордалық хоккейшілер бірінші кезеңде үш мәрте дөрекі қимылдап, төрешілер тарапынан жазаға тартылды.

Екінші кезеңде де ойын осындай жағдайда өрбіді. Кездесудің 38-минутында «Трактор» хоккейшісі Михаил Горюнов-Рольгизер қарсылас команда қорғаушылары қателігін ұтымды пайдаланып кетті.

Үшінші кезеңде қазақстандық клубтан Антон Сагадеев 41, Александр Борисевич 42-минуттарда мергендік танытты. Ал 47-минутта «Трактор» хоккейшісі Роб Хэмилтон таразы басын теңестірді.

Негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда Никита Михайлис жеңіс шайбасын соқты.

Енді «Барыс» алдағы екі ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 21 қаңтарда Ресейде «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен кездессе, 23 қаңтарда «Металлург» (Магнитогорск) клубымен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан «Барыс» қатарынан төртінші мәрте жеңілді.


Соңғы жаңалықтар