Хоккей: Қазақстан қыздар құрамасы алғашқы ұпайды еншіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытай астанасы - Бейжің қаласында шайбалы хоккейден қыздар арасында Әлем чемпионатының бірінші дивизионы В тобындағы үшінші тур ойындары өтті. Қазақстан құрамасы Латвиямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккей: Қазақстан қыздар құрамасы алғашқы ұпайды еншіледі

Аталмыш додада Қазақстан құрамасы сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Бұған дейінгі екі кездесуде де қарсыластарына есе жіберді. Алдымен Польшадан 3:5 есебімен жеңіліп қалған еді. Одан кейін Голландияға 1:3 есебімен жол берді.

Бүгінгі кездесуде де жеңіске жете алған жоқ. Ойынның негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталды. Латыштар сапынан 3-минутта Лева Петерсон шайба соқса, оған 10-минутта қазақстандық Малика Алдабергенова бір шайбамен жауап берді. Ойын соңына дейін осы есеп өзгерген жоқ. Овертаймда да жеңімпаз анықталмады. Буллитте Латвияның жолы болды.

Айта кетейік, бүгін В тобында тағы екі ойын өтті. Голландия Қытайды 4:0 есебімен тізе бүктірсе, Оңтүстік Корея Польшадан 4:3 есебімен басым түсті.

Аталмыш топта тоғыз ұпаймен Голландия көш бастап тұр. Одан кейінгі орындардағы Польша мен Қытайдың еншісінде алты-алты ұпайдан бар. Ал Оңтүстік Корея, Латвия 2 ұпай еншілеген. Әзірге Қазақстан қоржынында - 1 ұпай.

Төртінші тур ойындары 10 сәуірде өтеді. Бұл күні Латвия мен Голландия, Қытай мен Польша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея кездеседі.