Хромтау ауруханасында стоматиті асқынған баланың анасы дәрігерлерді жазалауды сұрады

аурухана
Фото: Freepik

Ақтөбе облысы Хромтау ауданында қызылша, стоматит диагнозы бойынша ем қабылдаған 12 жастағы жасөспірім қайта инфекциялық ауруханаға түсті. Науқастың анасы емді дұрыс жүргізбеген дәрігерлердің жазалануын сұрайды, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Көктау ауылының 12 жастағы тұрғыны 21 қараша күні ауырып, ауруханаға түскен.

Сол кезде оның таңдайы қызарып, ауыз қуысы бөртіп тұрғаны белгілі болды.

— Өзім стоматит деп топшыладым. Дәрігерлер қызылша, стоматит деп айтты. Бірақ ол қызылша жұқтырмаған. Бала бір апта ем қабылдаған соң ауруханаға бардым, педиатрмен сөйлестім. Ол «бала жақсы, тәуір болып келе жатыр» деді. Содан кейін басшыларына да жолықтым. «Вахтаға кетіп бара жатырмын. Баланы емдей алмасаңдар Ақтөбеге алып кетейін» деп айттым. Себебі оның алдында медбикемен сөйлесіп, аузын немен шайып жатқанын сұрағам. Ол аузына не болғанын ұқпай, кейін содамен шайып жатқанын айтты. Содамен үйде де шая алатын едім. Себебі бала тамақ іше алмай жатты. Екінші апта да өтті. Өзім жұмыста болған соң баламды ауруханадан атам алып кетті. Қолында «жазылып келе жатыр» деп жазылған құжаты да бар. Өзім сейсенбі күні үйге келгенде балам төсекте жатыр. Тамақ іше алмайды, сөйлемейді. Баламды көргенде сөйлей алмай қалдым, — дейді жасөспірімнің анасы Айым Қозбақова.

айым қозбақова
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Кейін оны бірден Ақтөбе қаласындағы облыстық балалар ауруханасына әкеледі.

Сол жерде бірнеше дәрігер қарап, облыстық инфекциялық ауруханаға жатқызды.

— Баланың әлі жоқ, құр сүйегі қалған. 12 жасар бала 37 келі болды. «3-4 күн өткенде баладан айырылатын едіңіз» деп те айтты. Сонымен бірге Хромтау ауруханасы баланы кварцқа жатқызып қойған, денесінің бәрін күйдіріп тастапты. Алдағы уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағым жазамын, — деді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мән-жайдан хабардар. Қазір тексеру жұмысы жүріп жатыр.

— Науқас қызылша инфекциясы, стоматит диазнозымен аудандық ауруханаға түсті. Қызылша инфекциясының асқынуынан болған стоматит. Ем хаттама бойынша жүргізілді. Стоматиті асқынған соң ем-домға өзгертулер енгізілді. Вирусқа қарсы препараттар тағайындалды. Сонымен бірге ауыз қуысы сүртіліп жатыр. Аудандық аурухананың, сонымен бірге облыстың стоматологы кеңес берді. Ауруханадан шығарылған соң облыстық инфекциялық ауруханаға түсіп тұр. Қазір жағдайы жақсарып келеді. Тексеру жүргізіледі, — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от АКТОБЕ СЕРГЕК | AQTOBE SERGEK (@aqtobe_sergek)

Соңғы жаңалықтар
telegram