Хуситтер шабуылының салдары: Пәкістан Сауд Арабиясына әскер жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістан Сауд Арабиясы Корольдігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері аясында елге әскери қызметшілерін жібергенін мәлімдеді. Бұл туралы Анадолы хабарлайды.
Пәкістан әскерінің қоғаммен байланыс жөніндегі басқармасының (ISPR) мәлімдемесінде Исламабад Сауд Арабиясының қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға бейілді екенін атап өткен.
Мәлімдемеге сәйкес, бір күн бұрын өткен шығарып салу рәсімінен кейін Сауд Арабиясына жіберілген пәкістандық әскери қызметшілер келісілген міндеттемелер мен қорғаныс саласындағы қолданыстағы ынтымақтастық келісімдеріне сәйкес Корольдік аумағында өздеріне жүктелген міндеттерді орындайды.
Сондай-ақ, Пәкістанның әскери қызметшілерін жіберу туралы шешімі екі ел арасындағы көпжылдық стратегиялық әріптестікке негізделгені атап өтілді. Бұл қадам қазіргі қауіпсіздік қатерлері жағдайында Сауд Арабиясының қорғаныс қабілетін нығайтуға ықпал ететіні айтылған.
Бұл оқиға Мекке келісімі аясында құрылған Стратегиялық саясат және қорғаныс комитетінің екінші кезекті отырысынан кейін орын алды. Жиын 27 қарашада Исламабад қаласында өтті.
7 тамызда Мекке қаласында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф және Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман қол қойған «Бірлескен қорғаныс туралы Мекке келісімі» үш елдің қауіпсіздігін бірлескен тежеу және қорғаныс тетіктері арқылы нығайтуға бағытталған. Құжат өңірлік жауапкершілік қағидатына негізделіп, аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздейді.
Еске салайық, Түркия Пәкістан және Сауд Арабиясымен қорғаныс саласындағы келісімді мақұлдады.