Түркия Пәкістан және Сауд Арабиясымен қорғаныс саласындағы келісімді мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия парламенті Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясы арасындағы қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы Мекке келісімін мақұлдады. 

Түркия Пәкістан және Сауд Арабиясымен қорғаныс саласындағы келісімді мақұлдады
Фото: trthaber.com

Құжатты ратификациялауды биліктегі Әділет және даму партиясының, Ұлтшыл қозғалыс партиясының және оппозициялық Республикалық халық партиясының депутаттары қолдады.

Түркияның TRT Haber басылымының хабарлауынша, келісім үш ел арасындағы әскери ынтымақтастықты кеңейтуді, қорғаныс өнеркәсібін дамытуды және терроризмге қарсы бірлесіп күресуді көздейді. Тараптар әскери технологиялармен алмасуға, бірлескен кәсіпорындар құруға, қару-жарақ әзірлеп, өндіруге, сондай-ақ ортақ ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға ниетті.

Бұдан бөлек, Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясы бірлескен әскери жаттығулар ұйымдастырып, әскери қызметшілермен алмасуды және әскери дайындық бағдарламаларын өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ барлау мәліметтерімен алмасуға және өңірлік қауіпсіздік саласындағы іс-қимылды үйлестіруге басымдық беріледі.

Құжатта өзара логистикалық қолдау көрсету де қарастырылған. Оның ішінде бейбіт және соғыс уақытында қару-жарақ, оқ-дәрі, жанармай, қосалқы бөлшектер мен әскери жабдықтар жеткізу көзделген.

Ынтымақтастықты үйлестіру үшін Стратегиялық саяси және қорғаныс комитеті құрылады. Оның құрамына үш елдің сыртқы істер және қорғаныс министрлері, сондай-ақ бас штаб басшылары кіреді. Комитет жылына екі рет жиналады. Хатшылығы Сауд Арабиясында орналасады, ал алғашқы бас хатшы Пәкістан азаматы болады.

Келісімге үш тараптың да келісімімен басқа мемлекеттер қосыла алады.

Құжат барлық тарап ұлттық бекіту рәсімдерін аяқтағаннан кейін күшіне енеді. Келісімнің қолданылу мерзімі шектелмейді. Алайда одан шығу үшін құжат күшіне енген күннен бастап кемінде он жыл өтуі керек. Бұл ретте қалған қатысушыларға кемінде үш ай бұрын хабарлау қажет.

Бұған дейін Түркия, Сауд Арабиясы, Пәкістан және Иран өңірлік мәселелер, соның ішінде бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту үшін диалогты жалғастыруға келіскенін жазған едік.