Хуситтер Йемен үкіметімен тұтқындарды алмасуға дайын
АСТАНА. KAZINFORM – Иран қолдайтын «Ансаруллаһ» қозғалысы (хуситтер) Йемен үкіметімен тұтқын алмасу туралы жан-жақты келісім жасауға дайын екенін жариялады. Бұл туралы Анадолы хабарлады.

Хуситтер қозғалысының тұтқындар комитетінің басшысы Абдулкадер әл-Муртаза ALTHAWRAH қозғалысының сайтында олардың тарапы ешқандай шартсыз диалогқа дайын екенін айтты.
– Біз БҰҰ қамқорлығымен бұрын қол қойылған барлық келісімдерді орындауға, сондай-ақ екі жақтың барлық тұтқындарын қамтитын жан-жақты келісімді жасауға дайынбыз, – деді әл-Муртаза.
Ол сондай-ақ жергілікті шейхтер мен қоғамның құрметті мүшелерін процесті жеңілдету үшін бұл мәселеде араша болуға шақырды.
Бұған дейін Йемен үкіметтік күштері мен хуситтер арасында әртүрлі майдандарда бірнеше рет тұтқын алмасу болған.
Алайда екі жақтан ұсталған тұтқындардың нақты саны әлі белгісіз.