ІІМ ақтөбелік 9 полицейдің жұмыстан заңды түрде қуылғандығын айтуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев Ақтөбе қаласы Елек полиция бөлімшесінің жұмыстан қуылған 9 қызметкерінің дауына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«2016 жылдың сәуір айында Ақтөбе қалалық ІІД  Елек полиция бөлімшесіне қылмыстық істер бойынша тергеу мерзімдерін негізсіз тоқтату фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізілді. Оның барысында аталған фактілер расталды. Күдіктілер бола тұра ешбір себепсіз сотқа дейінгі тергеу мерзімі тоқтатылған 71 қылмыстық іс анықталды. Мұнан бөлек, Қылмыстық іс жүргізу заңы, Бас прокурордың  қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздарды, хабарламаларды немесе баянатты қабылдау және тіркеу ережесін бекіту бұйрығы, сонымен қатар Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімін жүргізу талаптарын өрескел бұзушылықтар  орын алған», - деді Алмас Садубаев.

Оның айтуынша, қызметтік тергеу нәтижесіне байланысты жедел кеңес өткізіліп, онда полиция бөлімшесінің 9 қызметкеріне қатысты тәртіптік сипаттағы шара қабылданған. Полиция бөлімінің бастығы, оның жедел және тергеу жұмыстары бойынша орынбасарлары, тергеушілер ішкі істер органдарынан шығарылған.

«Өткен жылы жұмыстан шығарылған қызметкерлер сотқа  бұйрықты жою және бұрынғы лауазымдарын қайта қалпына келтіру туралы талап арызбен жүгінді. Сот полиция бөлімі бастығының жедел жұмыстар жөніндегі бұрынғы орынбасарының  тергеу мен анықтауды бақылауға құқығы болмаған деген пайымға келіп, ал қалғандарының талап арыздарын қанағаттандырудан бас тартты»,-  деді департамент басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе қаласындағы Елек полиция бөлімінің бастығы, орынбасарлары, тергеу бөлімі бастығының орынбасары, бірнеше тергеуші өздерінің  заңсыз жұмыстан шығарылғандығын айтып , Бас прокуратурадан араша сұрағандығын хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар