Илон Маск триллионер мәртебесінен тағы да айырылды
АСТАНА. KAZINFORM — SpaceX акцияларының сейсенбі күні 3 пайыз құлдырауы Илон Масктың триллионер мәртебесінен айырылуына себеп болды. Акция құнының төмендеуінен кәсіпкердің байлығы шамамен 28,6 млрд долларға кеміген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті Forbes басылымына сілтеме жасап.
Сейсенбі күнгі дерекке сай, Илон Масктың таза байлығы 977,2 млрд долларға бағаланған. Бұған қоса Tesla компаниясының акциялары да 0,5 пайыз арзандады.
Илон Масктың дәулеті өзі иелік ететін екі компанияның — SpaceX пен Tesla-ның қаржылық көрсеткіштеріне тікелей байланысты. Тамыз айында реттеуші органдарға ұсынылған құжаттарға сәйкес, кәсіпкер SpaceX акцияларының шамамен 48,4 пайызына, ал Tesla акцияларының 11 пайызына иелік етеді.
SpaceX компаниясы маусым айында акцияларын қор нарығына шығарып, IPO өткізгеннен кейін Илон Маск әлемдегі алғашқы триллионер атанды.
Алайда кейінгі күндері компания акцияларының құлдырауынан бұл мәртебесінен айырылды.
Кейінгі бірнеше айда Илон Масктың байлығы бірде артып, бірде кеміп отырды. Өткен аптаның соңында Tesla мен SpaceX акциялары қымбаттаған соң ол триллионер мәртебесін қайта иеленді.
SpaceX акцияларының арзандауы сейсенбі күні Азия нарықтарында басталған жасанды интеллектке арналған чиптерді жаппай сатумен тұспа-тұс келді. Бұл үрдіс, ең алдымен, Оңтүстік Кореяның SK Hynix және Samsung, сондай-ақ Тайваньның TSMC компанияларының акцияларына әсер етті. АҚШ-тың Nvidia, Broadcom және Intel секілді чип өндірушілерінің акциялары да елдің шығыс жағалауындағы биржалар ашылғаннан кейін сәл арзандады.
Бұған дейін Илон Маск Пентагонның жаңа жобасына қосылғанын хабарлаған едік.