Иманбек Jibek joly арнасының «Таза қала» жобасына қатысты

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемге әйгілі диджей, Grammy жүлдесінің иегері Иманбек Зейкенов Jibek joly арнасының «Таза қала» бағдарламасының түсіріліміне қатысты.

Иманбек Jibek joly арнасының «Таза қала» жобасына қатысты
Фото: instagram.com/imanbekmusic

Маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Президент Телерадиокешені «Таза қала» ауқымды тележобасын қолға алды. Кезекті шығарылым Ертістің жағасындағы Павлодар өлкесіне арналды.

Jibek joly

 

«Мен Қазақстанның көптеген қалаларында болдым. Менің ойымша, біздің қала өзгелермен салыстырғанда өте таза. Зауыттар болған күнде де жағдай жақсы. Қоршаған орта да жағымды. Қалада қоқыс жәшіктері өте көп және қоқыс жоқ», - дейді диджей бағдарлама тілшісіне берген сұхбатта.

Иманбек басты хитты жазуға шабыттандырған қаланың тазалығы, эстетикасы және даму қарқыны жөнінде айтып берді.

«Мен мұнда 2016 жылдан бері тұрамын. Сол уақыттан бері жаңа тұрғын үй кешендері көптеп салынды. Өте ұзын жағалау пайда болды. Қазір мұнда адамдар да көптеп келе бастады. Бұрын олай болмаған еді», - дейді И.Зейкенов.

 

Айта кетейік, түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барады және әрқайсысының тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді. Қоғамдық бірлестік өкілдерімен, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктімен танысады.

«Таза қала» жобасының әр шығарылымында тілшілер жергілікті билік өкілдерімен сұхбаттасып, тәуелсіз эколог-сарапшылармен бірге өз бағаларын береді. Бұл елді мекендер мен жалпы өңірлердің санитарлық тазалық, экологиялық тазалық, абаттандыру бойынша объективті рейтингін жасауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен және Семей қалаларының тазалығы жөнінде фоторепортаж сериясы жарияланған еді.

Соңғы жаңалықтар