14:21, 21 Ақпан 2013 | GMT +5
Иманғали Тасмағамбетов қалалық жолаушылар көлігінде жолақы құнының өсуін жоққа шығармады
АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов халықпен есепті кездесуі барысында қалалық жолаушылар көлігінде жолақы құнының өсуін жоққа шығармады.

Әкім қала тұрғындарының сауалына жауап беру кезінде ҚР Көлік және коммуникация министрлігі бекіткен тиісті әдістемеге сәйкес Астанадағы автобустардың нақты жолақы құны 107 теңгені құрауы тиіс екендігін тілге тиек етті.
«Қазіргі кезде оның құны 60 теңгені құрап отыр. «Жолаушылар көлігінде жол жүру тарифі өсе ме немесе өспей ме?»-деген сауалға жауап беретін болсақ, бұл тұрғыда жолақы құны әрине, артатын болады. Алайда, қазір емес», - деді қала әкімі.
Сөз соңында И. Тасмағамбетов аталған тарифтерді өсіру барысында міндетті түрде қоғамдық тыңдаулар өтіп, оның себебі бойынша халыққа тиісті түсіндіру шаралары жүргізілетінін атап өтті.