Имантау-Шалқар курорттық аймағында туристік полицияның модульдік бекеттері жұмыс істейді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағында туристік полицияның заманауи екі модульдік бекеті пайдалануға берілді.

Имантау-Шалқар курорттық аймағында туристік полицияның модульдік бекеттері жұмыс істейді
Фото: СҚО ПД

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шалқар мен Имантау туристік аймағында жол қозғалысы жыл бойы дерлік қарқынды. Бұған дейін ауыл тұрғындары мен демалушылардың қауіпсіздігін негізінен учаскелік полиция инспекторы қамтамасыз етсе, енді бұл жұмыс туристік полиция қызметкерлерінің күшімен нығайтылды.

 

Мәселен, Шалқар көлінің жағалауында 23 демалыс орны жұмыс істейді. Бұған дейін полицейлер оларға аудан орталығынан 33 шақырым жол жүріп, 20-35 минутта жететін. Жаңа модульдік бекеттер Айыртау ауылының учаскелік полиция пунктінен 9 шақырым, Лобаново ауылының учаскелік полиция пунктінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл шақырту орнына жету уақытын үш есеге қысқартып отыр. Нәтижесінде қылмыстарды ізін суытпай ашу және жол қозғалысын бақылау тиімділігі артты.

Имантау-Шалқар курорттық аймағында туристік полицияның модульдік бекеттері жұмыс істейді
Фото: СҚО ПД

Жылыту жүйесімен жабдықталған модульдерде азаматтарды қабылдауға арналған кабинет, шағын асүй мен жатын бөлме, душы бар санитарлық торап қарастырылған. Сондай-ақ мониторлар арқылы сыртқы бейнебақылау камераларынан түсетін кескіндер көрсетіледі. Ғимараттардың жанынан гараж және турник орнатылған воркаут алаңы да салынған.

Нысанның ашылу салтанатында тәртіп сақшыларына сондай-ақ жаңа қызметтік автокөліктердің, квадроциклдердің және жылжымалы полиция пункттерінің кілттері табысталды.

Имантау-Шалқар курорттық аймағында туристік полицияның модульдік бекеттері жұмыс істейді
Фото: СҚО ПД

Биыл облыстық бюджеттен құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Бұған дейін Көлсайда 15 млрд теңгеге 6 км аспалы жол салынатынын жазған едік.