Индер ауданында тасқын қатері төніп тұрған екі ауылда 33 жүкті әйел бар

жүкті
Фото: Pixabay

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Индер ауданында 258 жүкті ана есепте тұр. Оның ішінде су басу қаупі басым екі ауылда 33 жүкті ана бар.

Индер аудандық орталық аурухананың директоры Анаргүл Доспаеваның дерегіне сүйенсек, босанатын күні жақындаған бір ана Атырау қаласына жіберілген.

«Индер ауданы бойынша 258 жүкті ана есепке алынған. Әсіресе, Жарсуат, Құрылыс ауылдарында 33 жүкті ана бар. Мамыр айында Жарсуаттағы — 9, Құрылыс ауылында тұратын 4 жүкті ана босануы мүмкін. Қазір жүкті аналарды ерекше бақылауға алып отырмыз. Тасқын қауіпі төнген жағдайда босанатын күні жақындаған аналар орталық ауруханаға эвакуацияланады. Бұдан бөлек, үй жағдайында ем алып, төсек тартып жатқан науқастар шұғыл эвакуацияланып, аудандық орталық аурухана мамандарының күтіміне алынады», — деді Индер аудандық ауруханасының директоры Анаргүл Доспаева.

Оның айтуынша, Индер ауданында эвамедициналық бригадалар құрылып жатыр.

Еске сала кетелік, бүгін Жайық өзенінің деңгейі Индерде — 884, Махамбет ауданында — 861 см болды. 

Кейін Атыраудың Индер ауданында 20 тонна азық-түлік қоры жасақталғанын хабарладық. 

Сондай-ақ, Индер ауданындағы он бес эвакуация пунктінде 1600 орын дайын тұр. 

Соңғы жаңалықтар