Индонезия Қазақстан азаматтарына визасыз режим енгізуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Индонезия Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізіп, тікелей әуе рейстерін ашуды ұсынып отыр. Бұл туралы Индонезия Республикасының Қазақстандағы және Тәжікстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохамад Фаджрул Рахман мәлімдеді.
Елшінің айтуынша, пандемиядан кейін 2021 жылы Қазақстаннан Индонезияға туристер ағыны 700 адамды ғана құраған еді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 7 мыңға жетсе, биыл 2025 жылы 25 мың қазақстандық Индонезия аралдарына барған.
— Сондықтан бізге Қазақстаннан келетін туристер санын одан әрі арттыру қажет. Алайда негізгі қиындық тікелей әуе рейстерінің болмауына және виза режиміне келіп тіреледі. Қазіргі уақытта біз Қазақстан азаматтары үшін Индонезияға визасыз кіру мәселесін реттеп жатырмыз. Өйткені Қазақстан Индонезия азаматтарына визасыз кіруге рұқсат беріп отыр. Ал Индонезия әзірге тек келу барысында берілетін ақылы визаны ғана ұсынып отыр. Сондықтан қазір осы визасыз режимді толық іске асыру бағытында жұмыстар жүріп жатыр, — деді елші Мохамад Фаджрул Рахман Астанада «Ғажайып Индонезия» мәдени-дипломатиялық кешінде.
Тікелей әуе рейстері бойынша елші Air Asia және Air Astana компанияларымен келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді.

— Қазіргі таңда Қазақстаннан Балиға ұшу уақыты шамамен 10 сағатқа жуықтайды. Қазір туристердің көпшілігі Алматыдан Куала-Лумпурға тікелей рейспен 7,5 сағат ұшады, Куала-Лумпурдан Балиға тағы 2 сағат ұшады. Сондықтан тікелей рейстердің ашылуы Балиға баруды едәуір жеңілдетер еді. Осы мүмкіндік жақын арада жүзеге асады деп үміттенеміз, — деді Индонезия елшісі.
Өз кезегінде индонезиялық туристер Қазақстандағы қысқы туризмге, әсіресе Алматыдағы Шымбұлаққа, тау-шаңғы курортына ерекше қызығушылық танытып отыр. Өткен жылы Индонезиядан Қазақстанға 5 мыңнан астам турист келген.
Айта кетейік, елордада Индонезия Республикасының Тәуелсіздігінің 80 жылдығына арналған «Ғажайып Индонезия» дипломатиялық-мәдени кеші өтіп жатыр. Шарада Индонезияның бай әрі алуан түрлі мәдени мұрасы таныстырылып, дәстүрлі қойылымдар мен қазақстандық өнерпаздармен бірлескен ән-би ұсынылды.
Бұған дейін Индонезияның Бали аралындағы қазақтар туралы жолсапар очеркі жарияланған еді.