Индонезия мен Таиландтағы табиғи апат: гуманитарлық көмек талан-таражға түскен

АСТАНА. KAZINFORM — Индонезия мен Таиландта тропикалық дауыл салдарынан 4 миллионнан астам тұрғын зардап шегіп, 600-ден астам адам көз жұмды. Жергілікті билік гуманитарлық көмектің талан-таражға түскенін хабарлады, деп жазды Sky News.

Индонезия мен Таиландта табиғи апаттан 600 адам мерт болды
Фото: Sky News

Шри-Ланкада циклонның кесірінен 200-ден астам адам қайтыс болды.

Соңғы мәлімет бойынша Индонезияда кем дегенде 435 адам, Таиландтың оңтүстігінде 170 адам, ал Малайзияда үш адам ауа райының қолайсыздығына байланысты көз жұмды. Жексенбі күні түстен кейін қаза болғандардың саны тек ең қатты зардап шеккен екі елде 442-ге жетті, апаттың көлемі мен зардап шеккендер туралы ақпарат әлі анықталып жатыр.

Табиғат апатынан 4 миллионнан астам адам зардап шекті: Таиландтың оңтүстігінде үш миллионға жуық және Индонезияның батысында шамамен 1,1 миллион адам.

Индонезиялық құтқарушылар тікұшақтарды Суматра аралындағы оқшауланған аудандарына азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу үшін пайдаланып отыр. Зардап шеккен бірнеше ауданда байланыс үзіліп, кейбір телекоммуникациялық инфрақұрылым зақымданған. Ол аумақтарға көлікпен жету мүмкін емес.

Жергілікті билік гуманитарлық көмектің талан-таражға түскенін хабарлады. Қазір тұрғындар кез келген көмекке мұқтаж.

Құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Бірақ қирандылардың көптігі мен күрделі ауа райы төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын айтарлықтай қиындатып отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Индонезия Президенті мен Таиландтың Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.

Соңғы жаңалықтар