Индонезия жағалауында жер сілкінді
АСТАНА. KAZINFORM — Индонезия жағалауында, Талауд аралдары маңында магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі болды, деп хабарлайды Синьхуа.
Индонезияның метеорология, климатология және геофизика агенттігі мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Солтүстік Сулавеси провинциясындағы Талауд архипелагының әкімшілік орталығы Мелонгуане қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 52 шақырым жерде орналасқан. Жерасты дүмпулерінің ошағы 17 шақырым тереңдікте болған.
Сейсмологтардың дерегіне сәйкес, эпицентр 3,64 градус солтүстік ендік пен 126,98 градус шығыс бойлық координаттарында тіркелді.
Агенттік мамандары кейінгі қайталама дүмпулер болуы мүмкін екенін ескертті. Қазіргі уақытта қираған нысандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Бұған дейін Жапония аумағында магнитудасы 6,2 болатын жер сілкінісі тіркелгені хабарланған болатын.