Индонезияда лай көшкіні мен су тасқыны салдарынан 7 адам мерт болды
АСТАНА. KAZINFORM — Индонезияның Батыс Ява провинциясының Батыс Бандунг аймағында сенбі күні су тасқыны салдарынан 7 адам көз жұмды, жүздеген адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Синьхуа.
Төтенше оқиға жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 03:00 шамасында болған. Тұрғындар қатты гүрілді естігенін, артынан Пасиркунинг ауылынан Пасир-Куда ауылына қарай лай көшкіні ағып жатқанын байқап, хабар берген. Ондаған баспана қирандылардың астында қалды.
Полицияның алдын ала мәліметінше, сенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00–де 7 мәйіт табылды. Бірнеше жүздеген адам әлі үйінділер астынан шығарылмады. Із-түзсіз жоғалғандар саны артып отыр. Қазіргі таңда құтқарушылар іздеу, құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алайда олардың жұмысына қиын жер бедері, көшкіннің үлкен қалыңдығы және жауын-шашынның толассыз жаууы кедергі келтіріп отыр.
Жергілікті билік зардап шеккен аймаққа жақын тұратын тұрғындарды апаттың одан әрі қайталану қаупіне байланысты сақтық танытып, көшкін қаупі бар аймақтардан аулақ болуға шақырды.
Индонезияда осыған дейін су тасқынынан 16 адам қаза тауып, 140-тан астам үйді су шайып кетті.