Индонезияда толқулар күшейді: елде жаппай наразылық акциялары өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Индонезияда депутаттарға берілетін жаңа тұрғын үй жәрдемақысына қарсы басталған наразылық елдің барлық өңіріне таралып, тәртіпсіздіктер күшейді, деп хабарлайды Euronews.

Индонезияда толқулар күшейді: елде жаппай наразылық акциялары өтті
Фото: Trisnadi/Copyright

25 тамызда Джакартада басталған шерулер парламент мүшелеріне 50 млн рупия (шамамен 2600 еуро) көлемінде бөлінетін жәрдемақыға байланысты өршіді. Халық бұл соманы елдегі өмір сүру деңгейімен салыстырғанда «шамадан тыс» деп бағалап отыр.

Наразылық акциялары барысында полиция мен халық арасында қақтығыстар болды. Қауіпсіздік күштері шерушілерге қарсы су атқыштар мен көз жасаурататын газ қолданды.

Куәгерлердің айтуынша, бейбіт тұрғын – 21 жастағы курьер Аффан Курниаван тәртіпсіздіктер кезінде полицияның бронды көлігінен қаза тапқан. Бұл оқиға халықтың ашу-ызасын одан әрі күшейтті.

Тәртіпсіздіктер ел астанасымен шектелмей, Сурабайя, Соло, Джокьякарта, Медан, Макассар, Манадо, Бандунг және Папуадағы Маноквари қалаларына таралды. Бірқатар жерлерде парламент ғимараттары өртеніп, әкімдік ғимараттарына шабуыл жасалды. Бандунгте үш адам қаза тапты, бес тұрғын түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Жағдайға байланысты сауда орталықтары мен дүкендер қауіпсіздік мақсатында жабылды. Мыңдаған мотоциклші, құқық қорғаушылар мен қарапайым тұрғындар марқұм Курниаванның жерлеу рәсіміне қатысты.

Президент Прабово Субианто халықты сабырға шақырып, опат болғандардың туыстарына көңіл айтты.

«Мен осы оқиғаға қатты алаңдаулымын әрі қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтамын. Құқық қорғау органдарының шамадан тыс әрекеттеріне риза емеспін. Барлық кінәлілер қатаң тергеледі», – деді мемлекет басшысы телеүндеуінде.

Ресми мәліметке сәйкес, оқиғаға қатысы бар жеті полиция қызметкері қамауға алынды. Алайда марқұмды қаққан көліктің жүргізушісі әлі анықталған жоқ.

Айта кетейік, Индонезиядағы жер сілкінісінен ондаған адам зардап шекті.

Соңғы жаңалықтар