Индонезияда ұсталған қазақстандықтарға адвокаттар іздестіріліп жатыр — СІМ
АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Индонезияда есірткі тарату күдігімен ұсталған қазақстандықтар туралы мәліметтерді айтты.

— Осыған дейін Индонезияда Қазақстанның екі азаматы ұсталды деген ақпарат тарады. Олар есірткі сатты деген күдікпен құрықталды, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Біз олардың туыстарымен байланыстамыз. Әрине, адвокат және басқа да мәселелерге қатысты көмектесіп жатырмыз. Бірақ Қазақстан мен Индонезия арасында сотталғандарды беру туралы екіжақты келісім жоқ. Дегенмен, дипломаттар оларға көмектесу үшін барлық күш-жігерін салып жатыр, — деді Айбек Смадияров елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, аталған елдегі жергілікті билікпен келіссөз жүріп жатыр.
— Алдағы сотты күтеміз. Сот шешімі шыққаннан кейін, тиісті іс-қимылдар жасалады, — деді ресми өкіл.
Бұған дейін Индонезияның Бали аралында есірткіге байланысты қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған екі Қазақстан азаматына өлім жазасы тағайындалуы мүмкін екені айтылды.
Жақында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Сенат отырысынан кейін журналистерге Индонезияның Бали аралында 49 грамм метамфетаминмен ұсталды делінген Қазақстан азаматтары туралы мәлімет берді.