Индонезиядағы су тасқыны: қаза тапқандар саны 303 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Индонезияның Суматра аймағындағы үш провинцияда болған су тасқыны мен лай көшкіні салдарынан қаза тапқандар саны 303 адамға жетті, тағы 279 тұрғын із-түзсіз кетті, деп хабарлайды Синьхуа.

п
Фото: Синьхуа

Индонезияның Төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық агенттігінің (BNPB) басшысы Сухарьянтоның айтуынша, ең көп адам шығыны Солтүстік Суматра провинциясында тіркелген. Бұл өңірде 166 адам көз жұмып, 143 адам әлі де із-түзсіз жоғалғандардың қатарында.

Батыс Суматра провинциясында 90 адамның қаза тапқаны расталды, 85 тұрғын жоғалып кеткен деп есептелуде. Ал Ачех провинциясында 47 адам қайтыс болып, 51 адам іздестіріліп жатыр.

Бұған дейін Оңтүстік-Шығыс Азияда толассыз нөсер жауын жауғаны хабарланған еді. Таиландта тасқын салдарынан 145 адам қаза тауып, 3,5 миллионнан астам тұрғын зардап шеккен. Хатъяй қаласында су біртіндеп қайтқанымен, көптеген аудан әлі де су астында қалып, жарықтан ажыратылған. Тұрғындар қираған үйлеріне оралып, келтірілген шығынды есептеп жатыр, кейбірі бар мүлкінен айырылған.

Малайзияда «Сеньяр» тропикалық дауылының салдарынан екі адам қаза тапты. Ал Вьетнамның орталық провинцияларында ұзаққа созылған нөсер мен ауқымды су тасқыны адам өліміне әкелді.

Соңғы жаңалықтар