Индустриялық аймақты салудағы басты мақсатымыз - жаңа кәсіпорындар арқылы жұмыс орындарын ашу - А.Мұхамбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеңесті ашқан Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов елімізді индустриялық-инновациялық дамытуға байланысты мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығы аяқталып, екінші кезеңін жүзеге асыру жұмыстары қызу басталғанын атап өтті, деп жазады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
None
None

- Бүгін біз Ақтөбе қаласы индустриялық аймағының әкімшілік-тұрмыстық кешенінде жиналып отырмыз. Өздеріңізге белгілі біз индустрияландырудың бірінші бесжылдығын аяқтап, қазір екінші кезеңін бастадық. Индустрияландыру бағдарламасы аясында облысымызда бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Екінші бесжылдықты да сәтті бастап, табысты жүргізу үшін біз идустриялық аймақтың құрылысын өткен жылы бастаған болатынбыз. Жалпы бюджеттен 5,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның басым бөлігі немесе 90 пайызы республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Көрсетілген бюджеттік қаржының барлығы инженерлік желілердің құрылысын жүргізуге жұмсалуда. Индустриялық аймақты салудағы басты мақсатымыз - жаңа кәсіпорындар ашу, сол арқылы тұрақты жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ету, орта және шағын бизнестің дамуына ықпал жасау болмақ. Аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша негізгі назар - инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар туғызуға және арнайы экономикалық индустриялық аймақтар құру жолымен шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталып отыр. Осы жылғы 2 шілдеде Астанада өткен кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаларды жүзеге асыруды жеделдетуді тағы да қатаң тапсырды, - деді аймақ басшысы.

Ақтөбе қаласы индустриялық аймағы - «Нұрлы жол» бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын төрттікке кіреді.

Кеңес барысында индустриялық аймаққа қатысушылардың өндірістік нысандар мен индустриялық аймақ инфрақұрылымдарының инженерлік- коммуникациялық құрылыстарын салуының барысы қаралды.

Бірінші мәселе бойынша облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Балмұханов хабарлама жасады. Ол аймаққа 200 гектар жер телімі «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жасақталып бөлінгенін атап айтты. Қысқа мерзімде әкімшілік-тұрмыстық кешен ғимараты салынған. Оның алаңы 1 294 шаршы метр, мәжіліс залы, 10 кеңселік бөлмелері, 12 қонақтық нөмірлері, асханасы бар.

Индустриялық аймақ ауданына химиялық, мұнай-газ, құрылыс, көлік салаларын дамытуға бағытталған 10-ға жуық ірі және орташа зауыттар мен 30-дан астам шағын зауыттарды орналастыру көзделуде. Мұның нәтижесінде мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады.

Индустриялық аймаққа қатынасушылар инфрақұрылымдарға тегін қосылады. Аймаққа қатысушы болып тіркелудің басты шартының бірі 1 гектарға кемінде 10 миллион теңге қаржы салу керек. Бұл жеке және бюджеттік инвестицияның 7/1 арақатынасын қамтамасыз етеді.

Мұнымен бірге, қазіргі кезде индустриялық аймаққа тартылатын индустриялық жобаларды жүзеге асыру қарастырылуда. Соның негізгісі Польша инвесторлары қатысатын жобалар пысықталды. Ол 100 млн. евро көлеміндегі керамикалық гранит өндірісіне байланысты жобаны жүзеге асыратын «Cersanit» компаниясы. Сондай-ақ, американ компаниясының қатысуымен 40 млн. доллар инвестиция салу арқылы жүзеге асатын ірі өндірістің жобасы. Одан кейінгі жоба «АМФ Групп» акционерлік қоғамы салатын әзірге қуаты 120 МВт болатын электр станциясының құрылысы. Бұдан өзге тағы бір жоба шыны ыдыстарын шығаратын зауыттың құрылысымен байланысты. Оның салатын инвестициясының көлемі 100 млн. АҚШ долларын құрайды. Қазіргі кезде 3 бизнес тұлғаларымен келісімшарт жасалып, жалпы алаңы 23 гектар жер телімі бөлінді.

Қазір аймақта құрылыстарды салуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жерлерді тегістеу, құрылыс салуға ыңғайлау бағытындағы жұмыстар қолға алынған. Әзірге бұл жұмыстарға қажетіне қарай 10 бірлік техника қатысуда. Ірге тастар құю жұмыстары ыждағатталып, қазан-қараша айларында зауыттардың қабырғалық металл құрастырмалары да көтеріле бастайды. Ал негізгі құрылыстарды аяқтау келер жылы жүзеге асыру жоспарланған. Шетелдік жабдықтар қазірдің өзінде қалаға жеткізілген. Басқарма басшысы Ақтөбе әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асыратын жобаларға нақтырақ тоқталды. Қазір оларға жер бөлініп, сметалық-жобалық құжаттары жасалуда.

Облыс әкімі жиналыс барысында құрылысқа қатысатын бірқатар компаниялардың басшыларын тұрғызып, сауалдар қойып, нақты жағдайды білді.

- Бүгін алғашқы кеңес өткізіп отырмын. Бұдан былай мерзімді түрде өткіземін, ал индустрияландыру мәселесіне басшылық жасайтын менің орынбасарым Ғали Есқалиев әрбір он күн сайын өткізетін болады. Қазір ғимарат дайын, мәжіліс өткізетін, кеңселік, қонақүйлік орындар бар. Келген инвесторлар осында жатып жұмыс істей алады. Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдай жасалған. Ендігі жерде бізге тек инвестиция тартуды жандандыра түсу керек. Қазір қайда да экономикалық жағдайдың күрделі екені белгілі. Сондықтан кәсіпкерлер, ірі бизнес иелері өзінің инвестициялық мүмкіндіктерін қайта қарауы мүмкін. Өз жерінде инвестиция салуға жағдай болмаса, қолайлы орынды сырттан іздейді. Ал біз оларға тиімді қызметтер ұсынып, қызықтыра аламыз, - деді жиналыс барысында облыс басшысы.

Архимед Бегежанұлы кеңес басталғанға дейін индустриялық аймақ ішіндегі жүріп жатқан жұмыстарды аралап көріп танысқан еді. Сондықтан жиналыста өндіріс басындағы ұйымдастырылған жұмыстарға сын көзімен қарап, кейбір мәселелерге байланысты ескертулер жасады. Алдағы кездесуде сыртта стендтер тұруын тапсырды. Олардың әрқайсысында қай зауыттың қайда орналасқаны, бос тұрған жер телімдері көрініп тұруы қажеттігін айтты. Осы іспен айналысатын басшылар мен мамандарға ірі, орта және шағын зауыттарды салуға инвесторларды мейлінше көбірек тартудың шарасын алуды міндеттеді.

Бұл жолғы пысықталған үш жобаның тиімді тұстарын айтып, бірақ әлі де қосымша жобалар керек екенін атап көрсетті. Таяудағы бір жарым, екі жылдың ішінде кемінде 10 жобаны жүзеге асыру міндетін қойды. Талқыға түскен зауыт жобаларын, оларға қазірдің өзінде алынып, қалаға жеткізілген Оңтүстік Корея, Қытай, Германия жабдықтарын мақұлдады. Енді зауыт құрылыстарын салуға жедел кірісуді тапсырды.

Мұнан кейін кеңесте облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қанат Нұршин индустриялық аймақтың сыртқы және ішкі инженерлік желісінің, әкімшілік-тұрмыстық кешені құрылысының барысы жөнінде баяндады. Аймақта таяу уақыттың ішінде инженерлік инфрақұрылымдар салынады. Оларға республикалық және жергілікті бюджеттен қомақты қаржылар қаралған. Аймақ аумағы түгелдей қоршалып, сыртқы-ішкі инженерлік жүйелер келтірілуде.

Күн тәртібіне енгізілген мәселелерді қарағаннан кейін Архимед Мұхамбетов бірқатар тиісінше тапсырмалар мен кеңестер берді.

Соңғы жаңалықтар