Инфляция негізгі екі канал бойынша жүріп жатыр - министр
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров елімізде инфляцияны тежеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

«Инфляцияны тежеудің монетарлық құралы өте тиімді жұмыс істеуде. Ол бүкіл әлемде мойындалған. Жоғары мөлшерлемені ұстап, инфляцияны қадағалауға болады. Бірақ тағы бір мәселе – мұның экономикалық өсуге тікелей әсер етуінде. Сондықтан мұнда Үкімет импортқа тәуелділікті азайту үшін жұмыс істеп жатыр. Инфляция шынымен де негізгі екі канал бойынша жүріп жатыр: азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар. Бұл екі санат ақылы қызметтерді қоспағанда, жалпы инфляцияға қосқан үлестің үштен екісін құрайды», - деді Байбазаров бүгінгі Сенат отырысында.
Ол 2022-2023 жылдары Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешені қабылданғанын еске салды. Үкіметтің басты міндеті – импортқа тәуелділікті төмендету.
«Біз анағұрлым тәуелді салаларға, мысалы азық-түлік тауарларына инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Ет, сүт бағытында бірқатар нақты жоба жүзеге асырылуда, оған айтарлықтай қаражат бөлінді. Бұл жобалардың барлығы жұмыс істеп тұр. Құс етіне үлкен тәуелділік бар еді, биыл сүтке, құсқа байланысты 20-ға жуық жоба пайдалануға берілді. Мал шаруашылығын дамытудың да үлкен жоспарлары бар. Қазір Түркістанда тұтас кластерді іске қосып жатырмыз», - деді министр.
Азық-түлік емес тауарлар бойынша министр импорттың үлесі шамамен 60% құрайтын құрылыс материалдары саласында тәуелділік байқалатынын жеткізді. Бұл салада да инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Бұған дейін ҚР Ұлттық банкі төрағасының міндетін атқарушы Виталий Тутушкин инфляция болжамдарының қаншалықты сенімді екенін түсіндірген еді.