Инклюзивті білім беруде психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беру жағдайында психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделін енгізіп жатыр.

білім
Фото: Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы

Оқу-ағарту министрлігі барлық балаға арналған, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін оқытуға тең қолжетімділік мүмкіндіктерін кеңейту бойынша бірқатар шара қабылдады.

Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа ережелерге сәйкес білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі іске асырылатын болады.

Бірінші деңгейде сынып жетекшілері мен мұғалімдер балаға сыныпта немесе топта сабақ кезінде қолдау көрсетеді. Екінші деңгей психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің мамандарын, оның ішінде педагог-психологтарды, әлеуметтік педагогтерді, арнайы педагогтер мен педагог-ассистенттерді тартуды көздейді. Қажет болған жағдайда үшінші деңгейде сурдопедагогтер, тифлопедагогтер және басқа да сарапшылар, бейінді мамандар қосылатын болады.

«Бұл шаралар оқуда қиындықтары бар барлық балалар үшін білім беру қызметінің сапасын жақсартуға бағытталған. Психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделінің арқасында балалар өздерінің қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктеріне барынша сәйкестендірілген қолдау алады», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігінің инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева.

Аталған шаралар әрбір бала үшін өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін инклюзивті білім беру ортасын қалыптастырады.

Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беруді дамытуға басымдық беріп жатыр. Бүгінгі таңда жалпы білім беру мектептерінің 86%-дан астамында қазірдің өзінде инклюзивті білім беру бойынша жағдай жасалды.

Соңғы жаңалықтар