Инновациялық жобалар: жаттықтырушы робот, дрондар және нейродулыға туралы не білеміз

АСТАНА. KAZINFORM –  Жаттықтырушы робот ит, сан түрлі жағдайға қажетті дрондар және нейро дулыға - бұл елімізде жасанды интеллект пен робототехника сегментінде жасалып жатқан озық технологиялық туындылар. Бұл туралы Jibek joly телеарнасының жаңалықтар қызметінде айтты.  

Инновациялық жобалар: жаттықтырушы робот, дрондар және нейродулыға туралы не білеміз
Фото: Видеодан алынған скрин

Тың жобаларлық өнімдер бос тұрмайды, бәрі де өндіріс пен қауіпсіздікті нығайтуға қолданылып жатыр. Сондай-ақ ғарыш, медицина және құқық салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

Инновациялық роботтардың қатарында Кука жаттықтырғышы, робот ит және түрлі мақсаттағы дрондар бар. Бұл құрылғылар заманауи технологияларды меңгеруге және тәжірибелік дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.

Робот иттің 360 градусқа шолу жасайтын камерасы, жылу визоры және газ талдағышы бар. Ол автономды және қолмен басқару режимдерінде жұмыс істейді. Бағдарламашылар бүгінде оны қазақша сөйлететін программа жазып жатыр.

Тағы бір инновациялық жоба — «Судьяларға арналған смарт-аналитика». Жасанды интеллект пен Big Data технологияларына негізделген бұл жүйе сот үдерістерінің тиімділігін арттырып, әділ шешім қабылдауға септігін тигізеді.

— Қазіргі жасанды интеллект жүйелер ашылмаған, айтылмаған кезеңде басталған жоба. Ішіндегі құжаттарды жасанды интеллектінің көмегімен анализ жасап, судьяларға көмек көрметеді. Адам млн құжатты бір уақытта көре алмайды, бірақ жүйе оны істей алады. Мысалы млн құжаттың орнына 10 құжатты іріктеп, анализ жасауға ықпалын тигізеді, — дейді бағдарламашы Бабур Мухсинбаев.

Қазақстанда өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру мақсатында әзірленіп жатқан инновациялық жобалардың тағы бірі — нейродулыға. Бұл құрылғы шаршау мен күйзелісті ерте анықтап, өндірістік қателерді азайтуға көмектеседі. Сондай-ақ, оны астронавттардың когнитивті жағдайын зерттеу үшін де қолдану жоспарланып отыр.

— Астронавттардың арасында негізінен ер адамдар көп, ал ғарышта әйелдер өте аз. Біздің мақсатымыз — алғашқы қазақ әйелін ғарышқа дайындау. Бұл жоба Қазақстанның ғарыш пен медицина салаларындағы беделін арттырып, жоғары технологиялы жұмыс орындарын ашуға және инвестиция тартуға ықпал етеді, — деді Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебінің ассистент-профессоры Алина Гуторева.

Бұл инновациялық жобалар еліміздің ғылыми әлеуетін әлемге танытып, заманауи мүмкіндіктер ашады. Олар еліміздің ғаламдық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жастарды ынталандыратын қадамдарға шабыттандыратыны сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар