Интернет алаяқтарына көмектескен ақтөбелік дроппер шекарада ұсталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Үш жәбірленуші 20 млн теңге ақшасынан айырылды. Күдікті оларға ірі компаниялардың акциясын сатып алу арқылы пайда табуға болатынын айтқан.
Ақтөбеде интернет алаяқтарына көмектесті деген күдікпен 25 жастағы жігіт ұсталды. Ол адамдарды алдап, ақша алып, көрші елдегі қылмысты ұйымдастырушыларға жеткізіп отырған.
- Күдікті Ақтөбе аумағындағы дропперлерді басқарып отырған. Сондай-ақ адамдарды алдап, ақша алған соң шекара асып, ұйымдастырушыларға жеткізіп отырған. Интернет алаяқтары Instagram әлеуметтік желісі арқылы ірі кәсіпорынның акциясын сатып алып, табыс табуға болатынын айтып сендіреді. Кейін дропперлердің есепшотын беріп, ақшаны сонда аудартады. Ақша түскен соң ізін жасырып отырған. Есепшотқа түскен ақшаны банкоматтан қолма-қол алып, тасымалдайды. Үш жәбірленушінің шығыны 20 млн теңгеге жетті,- деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Ақтөбелік қазірге кезде қамалды. Сонымен бірге оның көлігі айып тұрағына қойылды.
Айта кетейік, 2025 жылы «дроптар» шоттарында 800,7 млн теңге бұғатталды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Ішкі істер министрінің бірінші Бауыржан Әленовтің жауабында айтылған.