Интернет алаяқтықтың жаңа түрі – көлік ұрлау
АСТАНА. KAZINFORM – Интернет алаяқтықтың жаңа түрі – көлік ұрлау. Бірақ, осы күнге дейін ұрланған көліктердің біреуі де табылмаған. Бұл туралы «JibekJoly» арнасындағы «БүгінLive» бағдарламасында сала мамандары айтты.
Интернет алаяқтықтың жаңа түрі өршіп тұр. Бұл – логистикалық компаниялар мен көлік иелері арасына жасырын делдалдық орнатып, жаңадан алынған автоларды ұрлау алаяқтығы!
Редакциямызға «көлігімді ұрлап кетті, логистикалық компания атын жамылып, жалған құжаттар көрсетті» деп шағымданған, жаңа интернет алаяқтық түрі туралы айтқан жәбірленушілер бар.
Жәбірленуші Жұбан Қасымов Алматы қаласының тұрғыны. Логистикалық компанияға сеніп, соңғы үлгідегі Toyota 75 көлігін тізгіндеу үшін қалтасындағы соңғы ақшасын делделдың қолына ұстатқан. Бірақ, сайып келгенде жұмсалған қаражат та, елге әкелінген көлік те жоқ, сан соғып қалыпты. Содан бері 8 ай өткен. Кірмеген кабинеті мен қақпаған есігі қалмаған.

– Бұл – осы жылдың қаңтар айында болған оқиға. Өзіміз артынан зерттеп көрдік. Біздің көлік 17-ші қаңтар күні ақтауға жеткізіліпті. Алаяқтар ресейлік тіркеу нөмірлерін тағып, Орал жаққа қарай алып кеткен. Ол азаматтар өздерін логистикалық компания өкілдеріміз деп таныстырған болатын. Арыз жаздық. Бірақ, әлі сот болған жоқ,-дейді жәбірленуші.
Ал, құқық қорғау саласының өкілдері мұндай фактілердің белең алып бара жатқанын жасырмады.

– Өкінішке орай мұндай жағдайлар жиі кездесіп жатыр. Бұл біріншіден ұрлық емес, алаяқтық фактісімен сараланады. Бұндай деректер бойынша былтырғы жылы, биылғы жылы полиция қызметкерлерімен үш топ құрықталды. Бірінші топ бойынша 14 адам, екінші топ бойынша 7 адам, үшінші топта 3 адам қамалып, жауапкершілікке тартылуда. Бірақ, кейбір жағдайда көліктер табылмай жатыр. Жәбірленушілер бір күн, екі күн өткізбей бізге хабарласса табу мүмкіндігі көп болатын еді, - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Нұрбол Жексенбек бағдарлама барысында.
Иә, шағымданушылардың салғырттығынан жоғалған темір тұлпарларды табу қиын. Дер кезінде әрекет етпегендіктен көліктерді алаяқ делдалдар шекара асырып жібереді. Мамандардың сөзінше алаяқтықтың басым бөлігі азаматтар көлікке онлайн тапсырыс берген жағдай орын алады.
Қазір елде «Della», «FaFa» деген платформалар бар. Тұрғындар сол арқылы көрші елдердегі арзан көліктерге тапсырыс береді. Ал, бұл платформаларды «жалған делдалдар» торуылдап отырады. Жүйе былай жұмыс істейді:
- Азаматтар өтінімдерін тіркейді;
- Логистикалық компанияның өкілдері тапсырысты қабылдайды;
- Алаяқтар сатылатын көлік бар деп, диллерді алдайды;
- Соңында сатып алушы да, логистикалық компания да сан соғып қалады.
Жыл басынан бері көлік алаяқтығымен айналысқан 32 дерек тіркелген. Соның басым бөлігі елдегі ірі мегаполистерде. Көлік тасымалымен айналысатын компания өкілдері мұндай жағдайда логистикалық ұйымның құжаттарымен жақсылап танысып алу керек,-дейді. Мекеме жұмысының шынайлығына көз жеткізгеннен кейін ғана шарт жасасу керек.

– Негізінде көлік болсын, басқа да жүк болсын тасымалдар алдында адам баласы сәл сауатты болуы керек. Бізде тәжірибеде бұл күнделікті кездеседі. Клиенттердің көбісі ақша үнемдеу барысында осы сайттарға салады. Неғұрлым логистикалық компаниядан 20-30 мың теңге артық тапқаннан гөрі, 50-60 мың теңге үнемдеп қалайын деген мақсатта көбісі сайтқа салады. Бірақ, сайттың қауіпсіз екенін елемейді. Ал, алаяқтар осының барлығын пайдаланады, - дейді көлік тасымалымен айналысатын компания өкілі Гүлнар Қаршығина.
Айта кетейік, көлік ұрлығы, әсіресе, ірі мегаполистерде – Алматы мен Астана қалаларында көп тіркеледі. Бас прокуратура жариялаған деректер бойынша, Қазақстанда ай сайын орташа 62 көлік ұрланады, соның ішінде 150-ге жуық ұрлық мақсатсыз жүзеге асырылған екен.
Бұған дейін қарағандылық полицейлер көлік ұрлығымен айналысқандардың ізін суытпай ұстап, жауапкершілікке тартқаны туралы жазған болатынбыз.