Интернеттегі алаяқтардан қалай қорғануға болады
АСТАНА. KAZINFORM – «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ІІМ Тергеу департаменті интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында апталық шара өткізді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара барысында білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, әскери бөлімдерде, халық көп шоғырланатын орындарда және Халыққа қызмет көрсету орталықтарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Азаматтарға ең жиі кездесетін киберқылмыс түрлері туралы ақпарат берілді. Оның ішінде алдын ала төлем арқылы жасалатын жалған интернет-сауда, жалған инвестициялық жобалар, сондай-ақ банктер мен құқық қорғау органдарының атынан жасалатын алаяқтық қоңыраулардың қауіптілігі түсіндірілді.
Мамандардың кеңесі бойынша, бейтаныс адамдарға жеке деректерді бермеу, тек сенімді интернет-ресурстарды пайдалану, күдікті сілтемелер мен қосымшалардан аулақ болу қажет.
Сонымен қатар құпиясөздерді жүйелі түрде жаңартып, банк шоттарындағы қозғалыстарды тұрақты бақылап отыру ұсынылады.
Айта кетейік, Алматыда кибер алаяқтардың әрекеті тоқтатылды.