Инвестициялық бағдарламаны орындамаған «Көкшетау су арнасына» айыппұл салынды

Ақмола облысы бойынша табиғи монополиялар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 26-бабы 2-тармағының 17-тармақшасына сәйкес, табиғи монополия субъектісі жыл сайын, есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 мамырынан кешіктірмей, уәкілетті органға немесе жергілікті атқарушы органға бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есептерді, өзге мемлекеттік органға не мемлекеттік органға ұсынуға, сондай-ақ табиғи монополия субъектісі сонымен қатар бекітілген тарифтік сметаны орындауға, бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындауға міндетті.
Алайда, осы талаптарды бұза отырып, «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорны 2021 жылға арналған тарифтік сметада қарастырылған шығындардың белгілі бір баптарын, бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамаған.
«Осыған байланысты, «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабының 4-бөлігі бойынша айыппұл салу арқылы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Субъект қысқартылған тәртіпте 7 351 200 теңге мөлшерінде айыппұл төледі», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында кәсіпкерге 5 млн теңгедей заңсыз айыппұл салмақ болған шенеуніктер жазаланған еді.