Иордания патшайымы таққан бойтұмар ұлттық әшекейімізге сұранысты арттырды – зергер
АСТАНА. KAZINFORM – 2016 жылы Иордания Тәуелсіздігінің 70 жылдығына арналған шарада мемлекет патшайымы Рания әл-Абдулла қазақ бойтұмарын тағып шыққан еді. Әшекейді жасаған зергер, реставратор Берік Әлібай 9 жыл бұрынғы оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

− Бұл тұмаршаны Рания патшайымға тікелей берген жоқпын. Маған қанша адам тапсырыс беріп, бұйым жасатады, оны жоғары лауазымды тұлғаларға сыйға тартады. Мен де: «Бұл бұйымды кімге сыйлайсың?» - деп сұрамаймын. Күндердің күні Мәдениет комитетінің қызметкерлері хабарласып: «Иордания патшайымының мойнындағы алқа қазақтың ұлттық әшекейі ме, анықтап беріңізші», - деп бір суретті жіберді. Ол сурет көзіме оттай басылды! Бұл қазақтың әшекейі ғана емес, менің қолымнан шыққан зергерлік бұйым екенін айттым, − деді Берік Әлібай агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Осыдан кейін журналистер зергерден сұхбат алып, түрлі мақалалар жарық көріп, қазақ әшекейіне сұраныс көбейіпті.

− Рания – дүние жүзіне танымал тұлға, көптеген іс-шарада осы әшекеймен жүрді. Мойнында қазақтың тұмаршасы, қолында бесбілезік, қандай керемет?! Осыдан кейін ұлттық әшекейімізге сұраныс артты деуге болады. Қазір де бойтұмарға сұраныс өте көп, тіпті жасап үлгермейміз, - дейді Берік Әлібай.


Бұған дейін Kazinform Иордан көшбасшысы Абдалла ІІ өмірінің қызықты фактілерін жинақтаған еді. Монарх Қазақстанға бірнеше мәрте сапарлаған. Ал елдер арасындағы ынтымақтастық экономика, инвестиция, сауда және әскери салаларды қамтиды.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 18-19 ақпан күндері Иорданияға бірінші ресми сапармен барады. Сапар барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді.
Астана мен Амманның өзара қарым-қатынасы жайында мына материалдан біле аласыз.