Ирак Пәкістанда оқып жатқан әскери қызметкерлерін елге қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM — Ирак премьер-министрі Мұхаммед Шия ас-Судани Пәкістанда оқудан өтіп жатқан 500 ирактық әскери қызметкерді, оның ішінде офицерлерді елге қайтару туралы бұйрық берді, деп хабарлайды Анадолы.

Ирак Пәкістанда оқып жатқан әскери қызметкерлерін елге қайтарды
Фото: Анадолы

Ресми Ирак ақпарат агенттігі INA хабарлағандай, бұл шешім Пәкістан мен Үндістан арасындағы әскери шиеленістің күшеюі аясында қабылданған.

Мәліметке сәйкес, Иракқа оралғаннан кейін әскери қызметкерлер елдің қазіргі қажеттіліктеріне сай қайта орналастырылады және қызметке тартылады.

Қақтығыстың ушығуы: Үндістанның зымырандық соққылары

2025 жылғы 6 мамырда Үндістан Пәкістан аумағына, соның ішінде Пәкістан бақылауындағы Азад Кашмир аймағына зымырандық соққылар жасады. Бұл шабуыл 22 сәуірде Үндістанның Пахалгам ауданында орын алған лаңкестік әрекетке жауап ретінде жасалды, онда 26 адам қаза тапқан еді.

Үндістан тарапының мәліметінше, тоғыз нысана дәл тиген, олардың бәрі «лаңкестік объектілер» ретінде сипатталған.

Алайда Пәкістан билігі соққылар алты бейбіт нысанға жасалғанын, соның салдарынан 33 адамның, оның ішінде бір баланың қаза тауып, тағы 62 адамның жараланғанын мәлімдеді.

Пәкістан армиясы шабуыл кезінде бес үнді жойғыш ұшағын атып түсіргенін хабарлады, бірақ бұл ақпаратты Нью-Дели жоққа шығарды.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди министрлер кабинетінің отырысында бұл әскери соққыларды «Синдур операциясы» деп атап, оны «мақтаныш сәті» деп сипаттады. «Синдур» сөзі хинди тіліндегі сөздіктерге сәйкес, индуист әйелдер маңдайына жағатын қызыл ұнтақты білдіреді.

Жауап ретінде Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф халыққа үндеу жасап, лаңкестік әрекеттердің салдары үшін Үндістан жауап беретінін, Пәкістан қаза тапқандар үшін кек алатынын мәлімдеді.

Айта кетелік Трамп Үндістан мен Пәкістан бітімге келгені туралы хабарлаған еді.

Соңғы жаңалықтар