Ирак түрмесіндегі 6 әйелді Қазақстанға қайтаруға не кедергі
АСТАНА. KAZINFORM – Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Ирактың түрмесіндегі Қазақстанның 6 азаматын (әйелдер) қайтару процесіне қатысты түсінік берді.

- Бұл жағдай күрделі, себебі Иракпен арада өзара құқықтық көмек және сотталғандарды беру туралы келісім бекітілмеген. Бұл құжат жобасы қазір әлі де пысықталып жатыр. Біз тиісті жобаны әзірлеп, Ирак жағына жолдадық. Олар оны қарастырып отыр, - деді А.Рахметуллин Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Иракта террорзим бойынша айыпталған адамдар немесе лаңкестікке көмектескендер өмір бойынша бас бостандығынан айырылады.
- Сондықтан Ирак жағымен жұмысты жалғастырып жатырмыз. Сотталғандарды беру туралы құжаттың болмауынан оларды қайтару процесі баяу жүріп отыр, - деді министрінің бірінші орынбасары.
Еске салсақ, биыл сәуір айында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Ирак түрмесінде отырған Қазақстан азаматтарын қайтаруға қатысты келіссөз жүріп жатқанын айтты.