Иракта парламент сайлауында дауыс беру басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Жалпыхалықтық дауыс беру жаңа парламенттің құрамын және ел үкіметінің алдағы төрт жылға құрылуын анықтайды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Иракта сейсенбі күні 329 орындық парламентке сайлауға арналған учаскелер ашылды. Шамамен 21 миллион азамат дауыс беру құқығына ие. Тәуелсіз Жоғары сайлау комиссиясының (IHEC) хабарлауынша, дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07.00-ден кешкі 18:00-ге дейін, мерзімдерді ұзартусыз өтеді.
Комиссияның мәліметінше, сайлауға 18 провинциядан 7745 кандидат тіркелген, оның ішінде 2247 әйел бар. Олардың 4445-і коалициялардан, 3225-і саяси партиялардан және 75-і тәуелсіз кандидаттар ретінде ұсынылған. Бұдан басқа, 53 кандидат сайлауға христиандар, язидтер, сабей-мандаиттер, шабактар және фейли күрдтерін қоса алғанда діни және этникалық азшылықтарға арналған квота жүйесі бойынша қатысады.
Polls have opened in Iraq, where voters will elect a new parliament and leader of the house in a vote that will be closely watched in Iran and the US.
— Al Jazeera English (@AJEnglish) November 11, 2025
🔗: https://t.co/vHOxf0rFvZ pic.twitter.com/L8YOgiDGKN
Кандидаттардың ең көп саны Бағдадта тіркелген — 2293 адам, одан кейін Джи-Кар (569) және Басра (568) тұр. Қатысушылардың ең аз саны Мисанда (141) және Дохукта (59) тіркелді.
Бағдадта дауыс берген Ирак премьер-министрі Мұхаммад Шиа ас-Судани сайлаудың «қауіпсіз және тұрақты жағдайда» өтіп жатқанын мәлімдеді.
— Бұл сайлау билікті бейбіт жолмен беру қағидатын растайды және үкімет бұған ерекше назар аударды, — деп атап өтті ол баспасөз мәслихатында.
Сайлау комиссиясының өкілі Омар Мохамедтің айтуынша, дауыс беру процесі күшейтілген қауіпсіздік жағдайында «тыныш және ұйымдастырылған» болып өтіп жатыр. Сайлауды бақылау үшін 300-ден астам халықаралық бақылаушы және Араб мемлекеттері лигасы мен БҰҰ өкілдерін қоса алғанда шамамен 1500 тілші аккредиттелген.
БҰҰ-ның Ирактағы арнайы өкілі және БҰҰ-ның бұл елге көмек көрсету миссиясының (UNAMI) басшысы Мохаммед Әл-Хассан сайлауды «барлық ирактықты біріктірген демократиялық мереке» деп атады.
— Миссия Ирак құрылымдары толық қамтамасыз етіп отырған сайлаудың ұйымдастырылуы мен өткізілуіне қанағаттанып отыр, — деп атап өтті ол.
Ирак Ішкі істер министрлігі Киркукте үміткерлердің бірінің үйінің маңында түнде болған оқиғадан кейін екі полиция қызметкерінің қаза тапқанын хабарлап, жағдайдың жалпы бақылауда екенін атап өтті.
Дауыс беру қорытындылары сайлау аяқталғаннан кейін 24 сағат ішінде жарияланады деп күтіліп отыр, ал ресми түрде растау келіп түсуі мүмкін апелляциялық шағымдар қаралғаннан кейін жасалады.
Алдыңғы парламенттік сайлау 2021 жылдың 10 қазанында, Адил Абдуль-Махди үкіметінің отставкаға кетуіне әкелген жаппай наразылықтардан кейін өтті. 2025 жылы сайланған жаңа парламент президентті сайлайды және дәстүрлі түрде конфессиялық тепе-теңдік қағидаттарына негізделіп құрылатын үкіметті бекітеді: премьер-министр — шиит, президент — күрд және парламент спикері — суннит.
Ирак премьер-министрі Мұхаммед Шиа ас-Судани 2022 жылдан бері шиит партияларының қолдауымен қызмет етіп келеді, егер оның коалициясы депутаттардың көпшілігінің қолдауына ие болса, өз қызметін сақтап қалуға үміттенеді. Ирак парламенттік жүйесінде премьер-министрді партияаралық келіссөздер қорытындысы бойынша парламент тағайындайды.
Бұған дейін Иракта парламент сайлауы қарсаңында арнайы дауыс беру өткенін жазған едік.