Ирактағы әскери база шабуылға ұшырады

АСТАНА. KAZINFORM — Ирактағы Джурф ас-Сахар ауданында орналасқан «Хашд аш-Шааби» (Халықтық мобилизация күштері) құрамына кіретін Иран әскери күштерінің базасына әуеден шабуыл жасалды, деп жазды агенттіктің Аммандағы тілшісі.

Ирактағы әскери база шабуылға ұшырады
Фото: Shafaq News

Шабуылдың мақсаты — «Хашд аш-Шааби» құрамындағы ықпалды топтардың бірі болып саналатын «Катаиб Хезболла» тобының 47-ші бригадасы болды. AFP ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, база оққа ұшыраған, соның салдарынан бірнеше адам қаза тауып, жарақат алған.

«Хашд аш-Шааби» өкілі Reuters агенттігіне берген сұхбатында шабуылдан кем дегенде екі сарбаз қаза тауып, тағы үшеуі ауыр жарақат алғанын хабарлады. «Хезболламен» байланысы бар ливандық Al-Mayadeen телеарнасы да екі қаза тапқан және бірнеше жарақат алған сарбаздар туралы хабарлады.

Ирактың Shafaq News агенттігінің мәліметі бойынша, шабуыл Вавилон провинциясында орналасқан «Хашд аш-Шааби» күштеріне тиесілі объектілерге жасалған. Ирактың Біріккен операциялар командованиясы екі адамның қаза тауып, үш адамның жарақат алғанын растап, авиаудардың қайнар көзін нақтыламады.

Бұл инцидент АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бірлескен әрекеттерінен кейін және Иранның аймақтағы объектілеріне жасалған зымыран шабуылдары туралы мәлімдемелерінен кейін болып отыр.

Соңғы жаңалықтар
Референдум