Иран 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жеребесіне қарсылық танытты
АСТАНА. KAZINFORM — Ислам Республикасы келесі аптада Вашингтонда өтетін футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңінің жеребесіне қарсылық танытты. Бұған АҚШ-тың ирандық делегацияның бірнеше мүшесіне виза беруден бас тартуы себеп болды, деп хабарлайды France 24.
Тasnim News Agency дерегінше, АҚШ 5 желтоқсанда өтетін жеребеге қатысуы тиіс болған ирандық делегацияның тек төрт мүшесіне ғана виза берген. Виза берілмегендердің қатарында Иран футбол федерациясының президенті Мехди Тадж да бар.
— Біз ФИФА-ға қабылданған шешімдердің спорттық қағидаттарға еш қатысы жоқ екенін хабарладық. Сондықтан ирандық делегация мүшелері әлем чемпионатының жеребесіне қатыспайды, — деп келтіреді France 24 Иран футбол федерациясы баспасөз хатшысының сөзін.
Француз басылымының хабарлауынша, федерация басшысы Мехди Тадж ФИФА президенті Джанни Инфантиноға бұл шешімнің саяси сипатта екенін айтып, АҚШ мұндай әрекеттен бас тартуы тиіс екенін жеткізген.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты алғаш рет жаңа форматта өтеді. Финалдық кезеңге 48 команда қатысады. Жарыс АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтеді.
Иран ұлттық құрамасы Азия футбол конфедерациясының іріктеу турниріндегі көрсеткішінің нәтижесінде 2026 жылғы әлем чемпионатының финалына жолдама алды.
Ислам Республикасы құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатарынан төртінші рет және тарихында жетінші рет қатыспақ.
Бұған дейін Трамп әкімшілігі АҚШ визасын рәсімдеу процесін футбол жанкүйерлері үшін жылдамдатуға арналған FIFA Pass бағдарламасын таныстырған болатын.