Иран 2026 жылғы Қысқы Паралимпиада ойындарына қатыспайды
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық паралимпиадалық комитет (IPC) Иран 2026 жылы Милан-Кортинада өтетін Қысқы Паралимпиада ойындарына жол жүру шектеулеріне байланысты қатыспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.
IPC таратқан мәлімдемеге сәйкес, 2026 жылдың 6–15 наурызы аралығында Милан-Кортина қалаларында Қысқы Паралимпиада ойындары өтеді. Алайда өз елінің атынан қатысуға дайындалып жатқан жалғыз ирандық спортшы — шаңғы жарысының кросс спортшысы Абулфазл Хатиби Мианаи Таяу Шығыста болып жатқан қақтығыс салдарынан Италияға қауіпсіз түрде бара алмайды. Осыған байланысты ирандық спортшы жарысқа қатысудан бас тартуға мәжбүр болды.
Халықаралық паралимпиадалық комитеттің президенті Эндрю Парсонс Абулфазл Хатиби Мианаидың ойындарға қатыса алмауы әлемдік спорт үшін де, ирандық спортшының өзі үшін де үлкен өкініш екенін айтты.
– Қақтығыс басталған сенбіден бастап IPC және «Милано-Кортина 2026» ұйымдастыру комитеті ирандық делегацияның ойындарға қауіпсіз жетуін қамтамасыз ету үшін балама бағыттарды табуға тынымсыз жұмыс істеді. Алайда Таяу Шығыстағы қақтығыстардың жалғасуына байланысты адамдардың өміріне төнетін қауіп тым жоғары, — деп атап өтті IPC президенті.
Еске сала кетсек, Таяу Шығыстағы жағдай Азиада-2026 ойындарының қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін екенін жаздық.
Ал Air Astana Таяу Шығыс бағытындағы рейстерді тоқтату мерзімін ұзартып, әуе қатынасы 10 наурызға дейін тоқтатылды.