Иран екі банктің ақпараттық жүйесіне кибершабуыл жасалғанын хабарлады
АСТАНА. KAZINFORM — Иранның киберқорғаныс басқармасы Израиль ұйымдастырған кибершабуылдармен күресуге мәжбүр болғанын мәлімдеді, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Агенттіктің шетелдік ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып хабарлағандай, бұл шабуылдар елдегі екі банктің — Bank Sepah пен Bank Pasargad-тың ақпараттық жүйелерінің істен шығуына себеп болды.
— Біздің киберқауіпсіздік мамандарымыздың арқасында бір банктің жүйесіндегі ақау тез арада жойылды. Қазіргі уақытта екінші банктің жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр, — делінген Иранның киберқорғаныс басқармасының мәлімдемесінде.
Press TV телеарнасының хабарлауынша, Иран тарапы бұл шабуылдардан кейін Израильге қарсы жауап шараларын қолға алған.
Айта кетейік, сейсенбі күні Иранның жетекші мемлекеттік банктерінің бірі Sepah Bank хакерлік топтың ауқымды кибершабуылына ұшырап, клиенттерге қызмет көрсету мен банктік жүйелерге қолжетімділікте үзілістер болды.
Сонымен қатар Иран билігі халықты WhatsApp қосымшасын жоюға шақырды. Тегеран танымал мессенджерді қолданушылардың деректерін жинады деп айыптап отыр, алайда нақты дәлелдер келтірілген жоқ.
Бүгін Иранның баллистикалық зымыраны Израильдің Беэр-Шева қаласындағы «Сорока» медициналық орталығына тиіп, бейбіт тұрғындар жарақат алды.
Ал Израиль әскери-әуе күштері Иранның ядролық бағдарламасындағы негізгі нысан саналатын Арактағы ауыр су реакторына әуеден соққы берді.
Бұған дейін «Хезболла» Әли Хаменейге қастандық жасаудың салдары ауыр болатынын ескертті.