Иран елшісі Қазақстанның әуе компанияларына екі арада туристік рейстердің санын көбейтуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Иранның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Али Акбар Джоукар Қазақстанның әуе компанияларына екі арада туристік рейстердің санын көбейтуді ұсынды.

- Біз Қазақстанмен туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуды көздеген едік. Бірақ ол салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген жоқпыз. Екі елдің арасында туристердің келіп-кету мөлшері өте аз. Тіпті Орталық Азиядағы бірнеше мемлекетке ирандық саяхатшылар Қазақстанға қараған көп барады. Қазақстандық туристер де Иранға аз барады, - деген дипломат елшіліктің алдағы жұмысында туризм саласындағы байланыстарды арттыру басым бағытта болатынын атап өтті.
Елші бұл тенденцияға екі арада тікелей әуе рейстерінің аздығы да әсер етіп отырғанын айтады.
- Туризм саласындағы ең басты мәселе – көлік. Екі елдің арасындағы тікелей рейстердің саны өте аз. Сондықтан қазақстандық әуе компаниялар Иранға туристік рейстер жасаса, бұл қазақстандық туристер үшін өте қолайлы әрі арзан бағыттардың бірі бола алады. Мен мұны сіздерге сенімді түрде айта аламын, - деді Иран елшісі.
Еске салсақ, Иран мен Өзбекстан бірлескен туризм комитетін құруы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Сонымен қатар, Иранның Қазақстаннан алатын астығы биыл да былтырғы көлемде сақталуы мүмкін екендігі де айтылған болатын.