Иран МАГАТЭ инспекторларын ядролық нысандарды тексеруге өзі таңдай алады

АСТАНА. KAZINFORM – Иранның МАГАТЭ-мен (Халықаралық атом энергиясы агенттігі) жаңа ынтымақтастық туралы келісімі Ислам Республикасына өз ядролық нысандарына жіберілетін МАГАТЭ инспекторларының жеке тұлғаларын таңдауға құқық береді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Иран МАГАТЭ инспекторларын ядролық нысандарды тексеруге өзі таңдай алады
Фото: IRNA

Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі Моджтаба Зареи Сыртқы істер министрі Аббас Аракчидің Комиссия мүшелеріне жасаған баяндамасының қорытындысы бойынша, Иран мен МАГАТЭ арасындағы ынтымақтастықты қайта жаңғырту туралы келісімнің кейбір егжей-тегжейлерін жария етті.

Оның айтуынша, жаңа келісімге сәйкес, Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесі МАГАТЭ инспекторларының ирандық ядролық нысандарға бару мәселесін реттейтін орган болып табылады.

— Ол (ИРИ Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи — ред.) бұл мәселеде құзырлы органды мойындау туралы міндеттемені Гроссиден (МАГАТЭ Бас директоры) алды. Ал соңғы заңға сәйкес, ол орган — Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесі. Иран тіпті инспекторлардың жеке басын және кім болатынын таңдауға құқылы, — делінген Зареидің Х әлеуметтік желісіндегі хабарламасында.

Оның айтуынша, Еуропаның кез келген дұшпандық әрекеттері, соның ішінде Тегеранға қарсы snapback механизмі аясында халықаралық санкциялар енгізу келісімді жарамсыз етеді.

Бұған дейін хабарланғандай, Иран мен МАГАТЭ жаңа жағдайда өзара іс-қимыл тәртібін қамтитын ынтымақтастықты қайта жандандыру туралы келісімге қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар