Иран наразылықтар кезінде ұсталғандардың ісін сотта жедел қарамақ
АСТАНА. KAZINFORM – Иран билігі жақында болған бұқаралық наразылық шараларына қатысушылардың ісін жедел тәртіппен қарамақ, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Иран сот билігінің басшысы Ғолямхосейн Мохсени-Эджеи сәрсенбі күні наразылық акцияларына байланысты қамауға алынған күдіктілердің істері жедел тәртіппен қаралуы тиіс екенін мәлімдеді. Ресми Тегеран бұл акцияларды «тәртіпсіздіктер» деп атайды. Мохсени-Эджеидің бұл сөздерін ирандық мемлекеттік телеарна таратты.
— Егер біреу адамды өртеп жіберсе, біреудің басын шауып, артынан өртесе, онда біз тез әрекет етуіміз керек, — деді ол наразылыққа қатысқаны үшін ұсталғандар отырған түрмеге барған сапары барысында.
Сот билігі басшысының бұл мәлімдемесі АҚШ президенті Дональд Трамптың Ирандағы наразылық білдірушілерге қолдау көрсететінін айтқан соң кейін бір күн өткеннен кейін жасалды.
— Егер бұл іс екі-үш айға созылса, оның әсері де әлсірейді. Қажетті дүниенің бәрін жедел атқару керек, — деп қосты Мохсени-Эджеи.
Иран ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, ол сот процестерін ашық форматта өткізуді қолдайтынын айтып, Тегерандағы түзету мекемелерінің бірінде шамамен бес сағат болып, ұсталғандардың іс материалдарымен жеке танысқанын жеткізген.
Мохсени-Эджеидің айтуынша, билік наразылықтарды ұйымдастырушы, айдап салушы және үйлестіруші деп санайтын тұлғалардың, сондай-ақ террористік әрекетке қатысы бар деп айып тағылғандардың істері қолданыстағы заңнама аясында басым тәртіппен қаралуы тиіс.
Ал құқық қорғау ұйымдары Ирандағы наразылықтар кезінде мыңдаған адам ұсталғанын айтып, сот жүйесі өлім жазасын кеңінен қолдануы мүмкін деген алаңдаушылық білдіріп отыр.
Иранның ресми билігі ұсталғандардың нақты саны мен оларға тағылған айыптардың сипаты жөнінде әзірге расталған дерек жариялаған жоқ.
Осыған дейін Иран наразылық кезінде шамамен 2000 адам қаза тапқанын мойындағаны туралы жаздық.