Иранда Али Хаменейдің қаза болуынан кейін билікті тапсыру рәсімі басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл өтпелі механизм Ислам Республикасы Конституциясының 111-бабында қарастырылған және жаңа жоғарғы басшы сайланғанға дейін күшіне енеді, деп жазды Kazinform агенттігінің өз тілшісі.

Иранда Али Хаменейдің қаза болуынан кейін билікті тапсыру рәсімі басталды
Фото: IRNA

Иран Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Али Лариджани жексенбі күні аятолла Али Хаменейдің қаза болуынан кейін елде билікті тапсыру процесі басталғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бүгін уақытша басшылық кеңесі құрылады.

— Жақында уақытша басқару кеңесі құрылатын болады. Президент, сот билігінің басшысы және Қорғаушылар кеңесінен діни заңгер келесі басшы сайланғанға дейін жауапкершілікті өз мойнына алады, — деді Лариджани мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында.

— Біз оны бүгін-ақ қалыптастыруға кірістік, — деп қосты ол.

Иран Конституциясының 111-бабына сәйкес, жоғарғы басшы қайтыс болған жағдайда оның өкілеттігі уақытша коллегиялық органға өтеді. Бұл орган құрамына қазіргі президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің басшысы Голям-Хосейн Мохсени-Эджеи және Қорғаушылар кеңесінен рухани өкіл кіреді.

Уақытша кеңес жаңа басшы сайланғанға дейін жоғарғы басшының қызметін атқарады. Заң бойынша, Сарапшылар кеңесі бұл сайлауды «мүмкіндігінше тез» өткізуге міндетті.

Парламент спикері Мохаммад Багер Галибаф биліктің «барлық сценарийлерге», соның ішінде Хаменейдің өліміне дайын екенін айтты.

— Біз осы сәттерге дайындалып, барлық ықтимал нұсқаларды қарастырдық. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Нетаньяху біздің қызыл сызықтарымызды бұзып, салдары болады, — деді ол мемлекеттік телеарнадан тікелей эфирде.

Уақытша басқару органы құрылған кезде өңірдегі шиеленіс әлі де жалғасып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Иран ресми түрде Али Хаменейдің қазасын растап, елді 40 күн бойы аза тұту жарияланды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум