Иранда Израиль шабуылдарынан қаза тапқандар саны 950 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің Иранға жасаған шабуылдарынан қаза тапқандар саны 950 адамға жетіп, шамамен 5 мың адам жараланды. Бұл туралы Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының басшысы Пир Хоссейн Коливанд мәлімдеді, деп жазады ТАСС.

США атаковали Иран
Фото: REUTERS/Majid Asgaripour/WANA

– Сионистік режимнің елімізге жасаған соңғы агрессиясы салдарынан 950 отандасымыз қаза тапты. Құрбандар арасында 102 әйел мен 38 бала бар. Жараланғандардың жалпы саны – шамамен 5 мың, олардың 70 пайызы бейбіт тұрғындар, – деп келтіреді Defa Press Коливандтың сөзін.

30 маусым күні Иран сот билігінің өкілі Асгар Джахангир қаза тапқандар саны 935 адам екенін хабарлаған болатын.

Коливандтың айтуынша, Израиль шабуылдарынан 377 тұрғын үй толығымен қирап, тағы 2 160 үй бүлінген.

Бұған дейін Иран үкіметінің өкілі Фатеме Мохаджерани Израильдің соққылары кезінде 5 646 ирандықтың жараланғанын хабарлаған.

Израиль 13 маусымға қараған түні Иранға қарсы әскери операция бастаған.

Араға бір күн салып, Ислам Республикасы қарымта соққы берді.

АҚШ бұл қақтығысқа тоғыз күннен кейін араласып, 22 маусымға қараған түні Ирандағы үш ядролық нысанға соққы жасады.

23 маусым кешке Тегеран Катарда орналасқан Таяу Шығыстағы ең ірі америкалық «Әл-Удейд» әскери әуе базасына зымыранмен соққы берді. АҚШ билігінің хабарлауынша, зардап шеккендер жоқ, елеулі залал келтірілмеген.

Кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иранның толық атысты тоқтатуға келісім бергенін мәлімдеді. Бітім 24 маусымнан бастап күшіне енді.

 

Соңғы жаңалықтар