Иранның әуе қорғанысы F-15 жойғыш ұшағын атып түсірді
АСТАНА. KAZINFORM – Иранның оңтүстігінде әуе қорғаныс күштері F-15 жойғыш ұшағын атып түсірді. Бұл туралы Иран мемлекеттік телеарнасы Әуе қорғанысының біріккен штабына сілтеме жасап хабарлады. Мәліметке сәйкес, қарсыласқа тиесілі F-15 елдің оңтүстігінде жойылды.
Ресми мәлімдемеде ұшақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің зениттік-зымыран кешендері арқылы атып түсірілгені және оның Парсы шығанағындағы Ормуз аралы маңына құлағаны айтылған.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу басталды. Сонымен қатар АҚШ пен Израиль әзірге жойғыш ұшақтың құлауы туралы ақпаратқа пікір білдірген жоқ.
Айта кетейік, Иран 19 наурыз күні АҚШ-қа тиесілі F-35 ұшағын атып түсіргенін мәлімдеген. Ал кеше Израильдің F-16 жойғышының атылғанын хабарлаған.
АҚШ Қарулы күштері өз кезегінде Иран шабуыл жасаған F-35 ұшағы қатты қону салдарынан қирағанын мәлімдеді. Ал Тель-Авив Израиль Әуе күштерінің F-16 ұшағы Иран әскері тарапынан атқылауға ұшырағанымен, ешқандай зақым алмағанын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Иран Ормуз бұғазын толық жауып тастауы мүмкін екені хабарланды.