Иранның Бендер-Аббас портынан берген жер телімін Қазақстан неге әлі игермей отыр – СІМ жауабы
АСТАНА.KAZINFORM – Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Иранның Бендер-Аббас портынан Қазақстанға берілген жер теліміне неге сауда терминалы әлі салынбай жатқанын түсіндірді.

– Иран – біз үшін өте маңызды көрші. Бағана да айттым, Қазақстанның Сыртқы істер министрі жақын арада Иран тарабының шақыруы бойынша ресми сапармен барады. Әрине, осы кездесу кезінде сіз айтқан мәселе де талқыланады. Біздің Бендер-Аббасқа деген көзқарасымыз өте жоғары. Парсы шығанағына, Африка елдеріне шығатын үлкен дәліздің бір бөлігі деп есептейміз. Ол жақты жақсылап, мұқият тексеру керек. Біздің көлік саласының мамандары жақында барып зерттейді, - деді ол.
Журналист бұл жоба неге бірнеше жылға созылып кеткенін сұрады.
– Енді геосаяси жағдайды өзіңіз білесіз ғой. Әрбір көршіміз санкцияның астында. Бізге оңай емес. Сондықтан сыртқы сауда мәселелері өте күрделі, - деді Айбек Смадияров.
Еске салсақ, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар аталған жер теліміне қызығушылық танытып отырған адамдар көп екенін айтқан болатын.