Ішіп алып, дәмханада тәртіп бұзған ішкі істер қызметкеріне шара қолданылды - БҚО

Осыған орай БҚО ІІД тәртіптік комиссиясының кеңейтілген отырысында Орал қалалық ішкі істер басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Тимур Желдібековтің мәселесі қаралды.
Биылғы 10 ақпан күні түнгі сағат 22.00-де қаладағы «Жаным» дәмханасында ішімдікке тойып алған 30 жасар капитан есеп айырысудан бас тартып, жағаласуға дейін барған. Өзінің күштік құрылымда жұмыс істейтіндігін ашықтан-ашық мәлімдеген. Қоңырау бойынша келіп жеткен өз әріптестеріне, оның ішінде басқарма бастығының кадр жөніндегі орынбасары да бар топқа бағынбай, қарсылық көрсеткен. Ақыры, Т.Желдібековтің арынын күш қолдану арқылы ғана басу мүмкін болды. Арнайы сараптамада капитанның мастығы толық дәлелденді.
Кеңейтілген отырысқа қатысқан БҚО ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Өтеулин, «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Аққали Әубекеров және басқа да лауазымды тұлғалар Т.Желдібековтің бұл әрекеті полиция органдарының беделін түсіруге бағытталғандығын бірауыздан атап өтті.
Отырыста Тимур Желдібеков қателік жасағанын, офицер атағына кір келтіретін әрекетке барғанын мойындады. Сөз сөйлеген әріптестері оның жұмысқа алғырлығын, оғаш мінезі болмағандығын және жастығын ескеріп, тәртіптік комиссия мүшелерінен Т.Желдібековті жазалаған кезде қызметтен шығармауды сұрады. Кеңес мүшелері ақылдаса келе, Тимур Желдібековті қазіргі лауазымынан, яғни Орал қалалық ІІБ 2-арнайы тобының аға инспекторы қызметінен босатуға ұйғарым жасады. Ал оның полиция қатарында қалу қалмауын енді БҚО ІІД бастығы шешетін болады.