Исламиадада суға жүзуші Әділбек Мусин рекорд жаңартты
Исламиадада бүгін қазақстандықтар спорттың бірнеше түрінен ойын көрсетіп жатыр.
Суға жүзуден баттерфлэй әдісімен 50 метрге жарысуда Әділбек Мусин алдына жан салған жоқ. Ол Ислам ынтымақтастығы ойындарының рекордын жаңартты. Сондай-ақ, Қазақстан рекордына да түзету енгізді.
Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасынан Әділбек Мусин 100 метр қашықтыққа баттерфляй әдісімен жүзуде үздік нәтижеге қол жеткізді. Көрсеткіші – 53,20 секунд.
Сондай-ақ, каратэ-до спортынан Қайсар Алпысбай (60 келі) жеңіс тұғырына көтерілді. Ол финалда кувейттік қарсыласынан айласын асырып кетті.
Ал әйелдер арасында 100 метрлік қашықтықта аралас эстафетада Ксения Игнатова, Аделаиада Пчелинцева, Даниэла Дю мен София Әбубәкірова күміске қол созса, ерлер арасында Егор Попов, Арсен Қожахметов, Максим Сказобцов, Айбек Қамзенов қола алды.
Нәтижесінде қазақстандық суға жүзушілер жалы командалық есепте екінші орын алды. Алда - Түркия құрамасы.
Еске салсақ, бұдан бұрын кикбоксингтен қазақстандық спортшылар үш «алтын» алды.
Ислам ынтымақтастығы ойындары 2005 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Биыл бесінші мәрте жалауын желбіретті.
Биылғы додаға 55 елден спортшылар келді. Ойындар 8 тамызда басталған, 18 тамызда аяқталады.