Исландияда ірі жанартау атқылай бастады

Исландияның оңтүстік-батысында жанартау оянды. Билік бұл туралы сенбі күні кешке Гриндавик қаласы мен оған жақын орналасқан ауылдардың тұрғындарына хабарлаған. Метеорологиялық қызметтердің соңғы мәліметі бойынша, лава қаланың солтүстік шекарасына 450 метрге дейін жақындаған. Kazinform бұл туралы Euronews арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

лава
Фото: Видеодан кадр

Бұрын Гриндавиктің айналасына лава ағынын бөгеуге арналған қорғаныс бөгеттері салынған. Бірақ жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, олардың кейбірі жерасты дүмпуі салдарынан опырылып құлаған. Қала тұрғындары дүйсенбі күні кешке эвакуацияланды, олар үш аптаға дейін оралмауы керек. Тек тиісті қызметкерлерге ғана рұқсат етіледі.

Исландияның Әділет министрі Гудрун Хафстейнсдоттир қала осы жазда немесе күзде қауіпсіз әрі өмір сүруге қолайлы болады деп үміттенетінін айтты.

Қараша айында ел астанасы Рейкьявиктен бірнеше шақырым жерде орналасқан Рейкьянес түбегінде жанартау атқылауы бірқатар жер сілкіністерін тудырғаннан кейін Гриндавик тұрғындары эвакуацияланды. Көп ұзамай тұрғындарға қайтып оралуға рұқсат етілгенімен, ғимараттардың көпшілігі зақымданған және көшелер бүлінген.

Сәрсенбі күні опырылып қалған жер ойығын толтыру жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылысшы оған құлап кеткен. Дереу құтқару операциясы басталды, бірақ жоғалған адамн табылмады. Жұма күні құзырлы органдар операцияны тоқтатуға мәжбүр болды, өйткені жер жарықтарына кіру құтқарушылар үшін тым қауіпті деп танылды.

Исландияда 33 белсенді жанартау бар, бұл басқа Еуропа елдерімен салыстырғанда өте көп. Соңғы ең үлкен атқылау 2010 жылы Эйяфьядлайёкюдль жанартауы болды. Ол кезде жанартау үлкен күл бұлттарын шығарды, салдарынан Еуропаның көп бөлігінде бірнеше күн бойы әуе қозғалысы тоқтатылды.

Соңғы жаңалықтар