Испаниядағы корридада бұқа тореадорды сүзіп өлтірді

АСТАНА. KAZINFORM – Испанияда өткен Сан-Маркос коррида фестивалінде бұқа аренадағы тореадорды сүзіп өлтірді, деп хабарлайды El Pais сайты.

коррида, бұқа, тореадор
Фото: Shutterstock/FOTODOM/ Alberto Clemares Exposito

Оқиға кезінде жануар 33 жастағы Сантьяго Барреро Сан-Романды бұрышқа тақап, шап, іш және кеуде тұсынан бірнеше рет сүзген. Ауыр жарақат алған тореадор алдымен жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізіліп, кейін ота жасау үшін ауруханаға жатқызылған. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Сантьяго Барреро Сан-Роман жұбайы Ванессамен бірге ферма иесі болған. Ол сондай-ақ атақты бұқа өсіруші Антонио Сан-Романның немересі ретінде танылған.

Сәуір айының басында тағы бір қайғылы оқиға тіркелген. 52 жастағы тәжірибелі матадор Рикардо Ортис бұқа шабуылынан қаза тапты. Ол сол кезде аренада жұмыс істеп, малды қарап жүрген.

Өткен жылы Мехико билігі корриданы тек жануарларға қарсы қару қолданылмайтын жағдайда өткізуге рұқсат берген. Бұл шешімді 61 депутат қолдап, тек біреуі қарсы дауыс берген. Бұған дейін корридаға Колумбияда тыйым салынған.

Коррида – бұқамен жекпе-жектің ең кең таралған түрі және Испанияның дәстүрлі көріністерінің бірі, ол бірқатар басқа елдерде де өткізіледі.

Еске сала кетсек, Польшада қонжықтарын қорғаған аю 58 жастағы әйелді талап өлтіргенін жаздық.

Ал жуырда елімізде үй жануарларын азаптағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын заңнамалық норма енгізілді.

Соңғы жаңалықтар